М.Горький атындағы жалпы білім беретін мектебінде, 3 қараша күні күзгі демалысты тиімді пайдалану, сонымен қатар білім алушыларды ұлттық құндылықтарға баулып, дәріптеу мақсатында "Әкеге ізет, анаға құрмет" атауымен ақындар айтысы өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бейсенов Зауытбектің ұйымдастырумен өткен аталмыш айтыста, "кіл жүйрікте кім жүйрік" деп іріктеу кезеңінен өткен 7 "В" сынып оқушысы Мухтарбек Шәкәрім мен 8 "Д" сынып оқушысы Бердіқұл Дәурен бас бәйге үшін сынға түсті. Айтыскер ақындарымыз ата-анаға деген сыйластық, отанды сүю, білімге құштарлық тақырыптарын қозғай отырып, әзіл-шыны аралас сарказммен де көрермен қауымның езулеріне күлкі үйірді. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кадирова Салтанат Сатышқызы мен тарих пәнінің мұғалімі Дастан Әлишер қазылық еткен додамызда Дәурен шәкіртіміз бас бәйгені иемденсе, Шәкәрім 2 орынды қанжығасына байлады. Сөз соңында ұлттық рух пен қазақы менталитетті жаңғыртатын жобалар жалғасын таба берсін демекпіз.